Шымкентте «Отбасы академиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Өнеге» жобасының жарты жылдығы қорытындыланды. Форумға қоғамдық ұйымдар, еріктілер және психолог мамандар қатысып, осы аралықта атқарылған жұмыстар барысымен танысты. Отбасы институтын нығайтуға және оның құндылықтарын дәріптеуге бағытталған жоба 100-ге жуық жанұяның шаңырағаны шайқалтпай сақтап қалған.
Бұл туралы «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі М.Жорабайдың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
«Өнеге» жобасы ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын-алуға, қиын психологиялық дағдарысқа ұшыраған обасылыларға кеңес беру бағытында жұмыс жасайды. «Бүгінгі кездесуде 5 айдың ішінде қандай жетістіктерге жеткенімізді, қай саламен бірге жұмыс істегенімізді талқыладық. Негізгі мақсатымыз – қала бойынша дағдарыс орталықтарының санын арттыру. Өйткені, зорлық-зомбылық көрген отбасылардың барар жер, басар тауы жоқ, — дейді, жоба жетекшісі».
Бүгінде халық игілігіне жұмыс жасап жүрген жоба жетекшілері 164 консультация өткізген. Соның нәтижесінде 30 жағымсыз жәйттар ашылып, 11 отбасындағы ажырасу фактісінің алдын алып, 79 жанұяға көмек қолдарын созған. Осы уақытқа дейін 27 тренинг, 3 шеберлік сағаты, 2 диалог-кездесулер өткізілген. Бүгінгі басқосуда мектеп оқушылары арасындағы және кәмелетке толмаған жасөспірімдердің кикілжің мәселелерін шешу жолдары қарастырылды.
Жобаның миссиясы дағдарысқа ұшыраған отбасылар мен зорлық-зомбылық көрген балаларға қолдау көрсету. Әрбір азамат «Отбасын кешенді қолдау орталығына» хабарласып, қажетті көмек алуына болады.