Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Спорт » ШЫМКЕНТТІҢ «ОРДАБАСЫ» КЛУБЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ БІР ҚАДАМ ЖАҚЫН ТҰР

ШЫМКЕНТТІҢ «ОРДАБАСЫ» КЛУБЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ БІР ҚАДАМ ЖАҚЫН ТҰР

Футболдан ел біріншілігінің аяқталуына аз қалды. Небәрі бір-ақ тур! Десе де, чемпионаттың дүбірі әлі басылған жоқ. Соңғы турдың алдында, яғни 32 тур аясында Шымкенттің «Ордабасы» клубы сырт алаңда «Атырау» командасын жеңіп, қола жүлдеге біртабан жақындай түсті.

Бұл кездесуде атыраулық Петр Гжельчак 12-минутта шымкенттік клуб қақпасын дәл көздесе, оған шымкенттік шабуылшы Жоао Поало 42-минутта бір голмен жауап қайырды. Одан кейін шымкенттік шабуылшы Алексей Щеткин 87, Зики Бадибанга 90-минутта гол салды. Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

«Ордабасы» командасының бас бапкері Кахабер Цхададзе осы ойыннан соң шәкірттерінің «босаңсуға болмайтынын, алда тағы бір өте маңызды ойын бар» екенін жеткізді.

— Біз үшін шешуші ойын күрес болады деп күттік. Қарсыластың командасы күшті, бізге қолайсыз қарсылас. Құдайға шүкір, біз қайта сапқа тұра алдық және біз өз жоспарымызды жүзеге асырдық. Өте жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жететін бар мүмкіндікті қолдан шығармадық. Бірақ, бізге босаңсуға болмайды. Алда тағы бір өте маңызды ойын бар. Біз осы маусым бойынша дайындалған еңбегіміз зая кетпесін десек, жанды сала ойнауымыз керек. Егер біз соңғы ойында жеңіске жетсек, үшінші орынды қамтамасыз етеміз. Менің ойымша, бұл өте үлкен жетістік болады! – деді бас бапкер.

32 тур нәтижесіне тоқтала кетсек, елордалық «Астана» Қостанай қаласында жергілікті «Тобыл» командасын жеңіп, бесінші жыл қатарынан чемпион атанып отыр. Елордалық ұжым қазір 69 ұпаймен көш бастап тұр. Ал екінші орынға 65 ұпаймен «Қайрат» жайғасса, «Ордабасының» еншісінде 62 ұпай, «Тобылда» 60 ұпай бар.

Еске сала кетсек, соңғы тур ойындары 10 қараша күні өткізіледі. Бұл күні «Ордабасы» өз алаңында «Таразды», «Тобыл» «Ақтөбені» қабылдайды. Нағыз қызық осы командалар арасында өтпек. Егер осы соңғы ойында шымкенттік клуб жеңіске жетсе, қола жүлдегер атанады.

Сондай-ақ осы тур аясында «Астана» мен «Ертіс», «Жетісу» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Атырау», «Қайсар» мен «Оқжетпес» командалары кездеседі.

Пікір жазу