Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті, деп жазады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көрменің ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Көрмеде Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ пен Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан елдерінің ауыл шаруашылығы саласына қажет 50-ден астам техникасы қойылды.
Аталмыш көрмеде сөз алған шаһар басшысы мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.
«Шымкент үшінші мегаполис қала атанғалы қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп, азық-түлік белдеуін құру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, қалада агро-индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалынып жатқан жұмыстар», — деді Ерлан Қуанышұлы.
(Азат Дидарбектің фоторепортажы)