Халықаралық физули сыйлығының иегері, Түркі әлеміне танымал ақын Құрал Көмектің жаңа кітабының тұсауы кесілді. «Үнсіздіктің үнін тыңдап» деп аталатын туындыда ақынның өлеңдері жинақталған. Рухани кешке қаламгердің замандастары мен белсенді жастар қытысып, жазушының шығармаларымен танысты, деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі Э.Дәулетбекқызының материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Құрал Көмек – Халықаралық Физули сыйлығын алған үшінші қазақ ақыны. Ол 1958 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ақиқат шындықты бейнелі поэзия тілімен жырлап жүрген қаламгер «Ай туып келеді», «Бөрілерге гипотеза», жыр жинақтары және балаларға арналған «Бағдаршам» кітабының, «Мен – даланың ұлымын» поэмасының авторы. Ал, бүгінгі «Үнсіздіктің үнін тыңдап» деп аталатын туындысында туған жер мен ұлтымыздың салт-дәстүрі жазылған.
Құрал Көмек — Халықаралық Физули сыйлығының иегері: Ел, жер, діл деген негізі бізге ата-бабамыздан аманатқа қалдырылған. Біз сол аманатты ары қарай жалғастыруымыз керек. Соның ішінде ақындық парыз деген болады. Кім өзінің ақындық парызын адал атқарса, одан жақсы ақындық шығады деп ойлаймын. Осындай мақсатта осы кітап жазылды.
Алқалы жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде кездесудің жастарға берер тағылымы сөз болды. Өз кезегінде зиялы қауым жеткіншектерді жазушының кітаптарымен танысып, оның өмір жолын үлгі етуге шақырды. Өйткені, қуатты қалам иесінің шығармалары сұңғыла ойға саңлақ болардай.
Бегман Ысқақ – профессор: Құрал Көмекті мен мектеп кезінен танимын. Сынып жетекшісі болдым. Оны әдебиетке баулыған мен болатынмын.
Сырлы сұхбатқа құрылған әдемі кеште мектеп оқушылары да аянып қалмады. Ақынның жыр-шумақтарын оқып, жатқа айтты. Патриоттық әндер шырқалды.