Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкентте «Контрафактілік өніммен күрес» атты семинар ұйымдастырылды

Шымкентте «Контрафактілік өніммен күрес» атты семинар ұйымдастырылды

Жалпы, зияткерлік меншік дегеніміздің өзі адамның ойынан шыққан туындылар мен коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар екен.

Мамандар оны екі санатқа бөледі. Алғашқысы – өнеркәсіптік меншік. Оған тауар белгілері мен қызмет көрсету белгілері, тауар шығаратын орын және фирмалық атаулар жатады. Ғалымдардың ойлап тапқан өнертабыстарын да осы қатарға жатқызуға болады. Ал, авторлық құқыққа әдеби, драмалық, музыкалық, хореография және бейнелеу өнері туындылары жатады. Осының барлығының иесі зияткерлік меншік иесі деген айрықша құқыққа ие. Дамыған елдерде зияткерлік меншіктің қорғалуына жіті мән береді. Өйткені, оларға табиғи байлықтан гөрі озық идеялар қымбат. Ал, бізде қалай? Басқасын айтпағанда, меншік иелерінің құқығын қалай қорғап жүрміз?

Таяуда Шымкент қалалық әділет департаментінің ұйытқы болуымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Контрафактілік өніммен күрес» атты семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Ońtústik Qazaqstan» газетінің тілшісі Д.Тұрсынұлының материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.

Аты айтып тұрғандай, басқосуда меншік иелерінің құқығына қайшы әрекеттердің алдын алу жолдары талқыланды. Қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Камаловтың айтуынша, жыл басынан бері зияткерлік меншік иелерінің өнімдерін пайдаланатындарға 8 тексеру жүргізілген.

– Нәтижесінде 8135 контрафактілік өнім анықталды. Осы орайда мына мәселені айтпай кетуге болмас, ол –тұтынушылардың зияткерлік меншік жөніндегі білімін жетілдіру мәселесі. Қазір көбіміздің осы жөніндегі біліміміз кемшін. Соған қарай контрафактілік өнімдер де көбейе береді. Сондықтан зияткерлік меншікке қатысты құқықтық қағидаларды меңгермей, ісіміз алға баспайды, – деді Бахтияр Камалұлы.

Семинарда қалалық прокуратура, кірістер департаментінің қызметкерлері мен палата өкілдері мәселеге қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Шара соңында осы мәселедегі кедергілерді бірге еңсеруге келісті.

 

Пікір жазу