Төлебиде шатыры ұшқан мектепті қалпына келтіру бойынша шұғыл комиссия жұмысқа кірісті, деп жазады Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
9 ақпан күні Төлеби ауданында орналасқан «Жыланбұзған» жалпы орта мектебінің шатыры қатты желдің салдарынан түгелдей ұшып кеткен болатын.
Төтенше жағдай жексенбіде орын алғандықтан, ғимаратта күзеттен өзге ешкім болмаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Дүйсенбіде шатыры ұшқан мектепті қалпына келтіру жұмыстарына Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтің басшылығымен шұғыл комиссия құрылып, келтірілген шығын есептелуде. Қазіргі таңда көрші Сұлтан-Рабат мектептерінен келген еріктілер шатыр қалдықтарын жинастыру жұмыстарына көмек көрсетіп жатыр. Әзірге, мектеп оқушылары көрші ауылдың білім ұясына 1 аптадай қатынап, оқитын болады. Ол үшін аудандық білім бөлімі тарапынан тасымал да ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, 300 орындық «Жыланбұзған» жалпы орта мектебі 2014 жылы пайдалануға берілген. 5 жылға дейін құрылысын жүргізген мердігер компанияның кепілдік мерзімінің аяқталуына байланысты, табиғи апаттан келтірілген шығын аудан бюджетінен қарастырылатын болады.