Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанындағы «Өзін-өзі басқару» ұйымының алғашқы отырысы өтті.
Мемлекеттік Әнұранмен басталған жиында Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Амалбек Өміртай басқосудың маңызы мен мақсатын түсіндірді.
— «Өзін – өзі» басқару ұйымы жастарға өзін-өзі және ұжымды басқаруды үйрететін, азаматтық-құқықтық мінез-құлықтың әлеуметтік тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін мектеп. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өмірдің маңызды сұрақтарына жауап іздейтін, ой өрісі кең, тұлғалық қалыптасуға мүмкіндік туғызатын орта. Басты мақсат – жастарды үздіксіз дамуға, қоғамдық өмірге бейімдеу және жүйелі шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы ой жиегін кеңейтіп, жауапкершілікке дағдыландыру – деді А.Дәркенұлы.
Жиында облыстық “Өзін-өзі басқару” ұйымының жетекшісі Әнелі Мейірбек жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Өзін-өзі басқару» ұйымының құрылымында басқарушы орган болады. Президенті білім беру ұйымдарының дауыс беру нәтижесімен сайланады. Ал, негізгі ұстанымдарына келсек, «Жасампаздық», «Бәсекеге қабілеттілік», «Ынтымақтастық», «Әділеттілік», «Қамқорлық» бағыты бойынша жұмыс жасайды.
Түркістан облысы бойынша бірыңғай үлгіде жоспары, төсбелгісі, логотипі, ант сөзі және әлеуметтік желілерде парақшалары болады.
Басқосуда жарыссөзге шыққан сала мамандары мен жастар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын айтты.
Жиын соңында ұйымдастырылған концерттік бағдарламада жастар әсем әндер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.