Бүгінде Түркістан облысында медиация институтын дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу бойынша медиация кеңесін құру жоспардағы мәселе еді. Осыған орай құзырлы орган мүшелері мен облысымызға қарасты кәсіби медиаторлардың басын қосқан жиын өтті.
Бұл туралы «Түркістан» газетінің тілшісі А.Мейрамханқызының мақаласына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Өңірдегі медиация институтын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облыстық сотының судьясы Бауыржан Тәңірбердиев өз баяндамасында бітімгерлердің ықпалымен атқарылатын шараларға және осы жылдан бастап қолға алынған пилоттық жобаның жүйесімен таныстырды. Мұнымен бірге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар қатарында медиатор кабинеттерінің ашылу процедурасы және жергілікті жерлердегі кәсіби медиаторлардың негізгі міндеттері жан-жақты түсіндірілді.
2019 жылы медиация кабинетінің атқарған іс-шаралары да кеңестің күн тәртібінде қамтылды. Бұл туралы Ассамблея жанындағы медиация кабинетінің жетекшісі Дана Ақәділқызы баяндап, тұрғындар арасында медиация бағытын түсіндіру бойынша жұмыстармен таныстырды. Өткен медиация аясында Ассамблеямен соның ішінде Қоғамдық келісім және Аналар кеңесімен бірлесе атқарылған жұмыстарды жіктеп берді. Баяндама соңында жұмыспен қамту орталықтарында медиация кабинеттерін ашу арқылы әлеуметтік қамсыздандыру мәселелердің оңтайлы шешілуіне үлес қоса алатындығын ұсыныс ретінде атап өтті.
Шарада Түркістан облыстық медиация кеңесін құрып, оның мүшелері сайланды. Қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер де тыңдалды.