Түркістан қаласы, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, медицина қызметкерлері, диетологтармен кездесу өтті. Шараның басты мақсаты коронавирустың алдын алудың шұғыл алгоритімі, уланушылық, екпе салдыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ, білім беру обьектілері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын бұйрықтармен таныстыру.
Бұл туралы «Түркістан» газетінің тілшісі Ш.Әділханқызының мақаласына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Шараның басында, эпидемиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Гүлчехра Файзуллаева уланудың алдын алу жайын түсіндірді. Мәселен, Ақтау қаласында төменгі қабаттағы үйді залалсыздандыру салдарынан жоғарғы қабаттағы отбасы мүшелеріне зияны тиген. Нәтижесінде, кішкене нәрестенің өлім жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, қызылша ауруы жайында да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, С.Рахимов мектебінде 1 отбасының 4 бірдей адамы қызылшамен ауырған. Мұның барлығы уақытылы екпе қабылдамағаннан дейді мамандар.
Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшы орынбасары Гүлнара Әбішова, ТКҚСҚББ бас маманы Бағдат Тұрмаханбетов мектеп, балабақшалардың жай күйіне тоқталып өтті.
2019 жылы тексеріс нәтижесінде мектептер мен балабақша меңгерушілеріне айыппұлдар салынған. Ал, санитариялық эпидемиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқан мектептер анықталып, ол бойынша сотқа құжаттар жолданған.