Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен «Қамқорлық» бағдарламасы аясында облыс көлемінде едәуір істер атқарылуда. Осы бойынша Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев I топ мүгедегі Фарида Гаюповаға массаж жасауға қажетті кереует пен құрал-жабдықтарын тапсырды. Ф. Гаюпова Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың «Ашық есік күнінде» өз өтінішімен келген болатын. Көп күттірмей көмек беріп, мәселесін жіті назарға алған әкімдіктің жұмысына ризашылығын білдірді.
Бұл туралы «Түркістан» газетінің тілшісі А.Мейрамханқызының мақаласына сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Аталған бағдарлама бойынша анықталған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға Түркістан қаласы әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары мен кәсіпкерлер тұрақты түрде жағдайын бақылап, қандай көмек қажет екенін анықтап отырады. Нақтырақ айтсақ тұрғын үй, жұмыспен қамту, азық-түлік, киім-кешек мәселелері назарға алынады.
Жалпы, Түркістан қаласында тұрмысы төмен 161 отбасы анықталып, бағдарлама аясында 94 жанұяға көмек көрсетілді.