Облыста күн сәулесі және желден электр қуатын өндіретін стансалар салу керек.
Облыс, қала, аудан әкімдерінің халық алдында есепті жиындарында жиі көтерілген мәселе сапалы электр жарығымен қамту.
Тұрғындардың шағымдары ескеріліп, Сарыағаш ауданындағы 220 кВ қуатқа ие «Қызыләскер» қосалқы стансасын биыл пайдалануға беру жоспарлануда.
Нәтижесінде облыстың аймақтары, яғни 705 мың тұрғын, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтылады. Алайда әлі де бұл бағытта жұмысты жалғастырып, жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану керек деп есептейді облыс әкіміү
Бұл туралы «Отырар» телеарнасының тілшісі Ш.Оразованың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz хабарлайды.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Өңірде энергия көздері тапшы. Жалпы облысымызда тұтынатын электр энергиясының 10 пайызын өндіреміз, қалғанын басқа аймақтардан алып келеді. Оны өндіретін кен орындары жоқ. Сондықтан, біз жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануымыз керек. Энергияны күн сәулесінен, желден алатын жобаларды тез арада жүзеге асыруымыз қажет. Сарыағаш, Арыста қосалқы стансалар салынса, Отырарда 50 мВт күн сәулесі стансасын іске қосайын деп жатырмыз».
Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыс аумағындағы елдімекендерді сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етудің 2019-2022 жылдарға арналған іс шара жоспарына сәйкес 197 ауылды сапалы электр қуатымен толығымен қамту жоспарлануда.