«Темірлан» орта мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 31 жылдығына арналған ашық тәрбие сағаты өтті. Мақсаты: оқушыларға ауған соғысы жәйлі кеңінен мәлімет беру, патриоттық рухы жоғары жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, сол қырғында опат болғандардың рухына тағзым ету.
Ауған соғысы ардагерлері аудандық ұйымының төрағасы Е.Бектаев сол бір қасіретті күндер жөніндегі естеліктерімен бөлісті. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Әбдіқайымұлы, Қажымұқан ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Л.Жүсіп сөйлеп, ауған соғысы ардагерлерінің есімдері құрметпен аталатынын, олардың төтеннен келген соғыс жағдайында ел-жұртқа берілгендіктің қайсар рухын көрсеткенін тілге тиек етті. Қазіргі заман ұрпақтарының бейбіт кезеңде өмір сүре берулеріне тілек қосты.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жасақтау бөлімшесінің бастығы М.Әуезов пен бөлім қызметкері А.Әбділова бір топ жасқа әскери міндеттілік куәлігін тапсырды.
«Темірлан» орта мектебінің директоры М.Қырықбаев басқосуды қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.