Ордабасы ауданы, С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектепте жаңа тұрпаттағы байқау өз шымылдығын түрді. Ұжым мүшелерінің басым көпшілігі — жастар. Ұстаздық өмірге қадам басқан жас мамандардың кәсіби тұрғыда толығу үстінде енені анық. Қандай да бір жаңашыл әдістің қазіргі жастардың бойынан табылары сөзсіз. Өйткені, олар озық ойлы, өз заманының ағымында дей аламыз. Үздік маман болу үшін әр бірі өзінің жан-жақты, тың дүниелерімен шәкірттер жүрегіне жол таба білсе, еңбегінің жанғаны емес пе?!
Жас мамандардың сабақ өтудегі аяқалыстарын байқау мақсатында тәлімгер ұстаздар мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, «Үздік жас маман-2019» байқауын ұйымдастырды. Ол «Десант сабақ өту», «Таңқалдыру», «Ситуациялық сұрақ», «Жаңа идея ұсыну» кезеңдерінен тұрды. Байқаудың ерекшелігі — дауыс беру қазылар алқасының шешімімен ғана емес, көрермендер эксклюзивті түрде бір ғана қатысушыға дауыс алатын электронды нұсқа енгізілді.
Сонымен, көптен күткен байқау да басталды. Алғашқы аптада жас мамандарды кез келген сыныпқа кіргізіп, «Десант сабақ беру» әдісін байқадық. Бізді жас ұстаздардың қиналмай, кез келген сыныпта сабақ өте білуі қатты қуантты. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімі Қабулова Айбаланың жұмысы ерекше көзге түсті. Оның сыныпқа бірден келіп, «Десант сабағын» өтуі сапалы мазмұнға ие болды. Оқушымен күнде сабақ өтіп жүргендей жылы қарым- қатынас өрбіді. География пәнінің мұғалімі Мұратов Дінмұхаммед те өз сабағында АКТ-ны пайдалана отырып, оқушыларды шығармашылыққа қызықтыра білді.
«Таңқалдыру» кезеңінде күтпеген көріністердің куәсі болдық. Биология пәнінің мұғалімі Тұрдықұл Сымбат «Анаға хат» әнін шырқаса, ағылшын тілі пәнінің маманы Дауылбек Ақшолпан Пушкиннің «Осень» атты монологын оқыды. Физика пәнінен Нұралиев Қуандық күннен, желден, судан жарық алу әдісін ұсынды. Мұратов Дінмұхаммед болашақ жаңа мектебіміздің макетін жасап қуантты. Қазақ тілі пәнінен Көшербаева Жазира Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін жанды дауыста орындады.
Олар ситуациялық сұрақтар бойынша еш мүдірмеді, ата-анасымен қандай, қалай байланыс арттыру керектігі олар «мінезді» баламен қалай тіл табысуды бейнелеуде өз білімдерін байқатты. «Жаңа идея» айдарында білім саласына қажет жаңа туындылар ұсынылады. Айбаланың «Үйірмелер кешені» жұмысы бүгінгі күн талабына сай салт-дәстүр, рухани жаңғырулармен үйлесім тапса, Сымбаттың «Наурыз» идеясын да құптадық. Дінмұхаммед пен Қуандық жас буынды география, физика саласына біліктілікпен бағыттай алды. Олар білімге құштар шәкірт тәрбиелеу арқылы шығармашылық ізденістердің дами түсетіндігін тағы бір қырынан таныттық.
Қорытынды сәт те келді. Эксклюзивті дауыс беру және қазылар шешіміне сәйкес, баллдық көрсеткішті қоса есептегенде І орын Мұратов Дінмұхамедке бұйырды, ал, Дауылбек Ақшолпан (ағылшын тілі) — ІІ, Тұрдықұл Сымбат ІІІ орыннан көрінді. А.Қабуловаға — «Шығармашыл ұстаз», Қ.Құрмановаға — «Жаңашыл ұстаз», Ж.Көшербаеваға — «Өнерлі ұстаз», Б.Анапинге «Ең жас білімді ұстаз» аталымдары табысталды.