Өртті алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Күнделікті өмірде өрттен жарақат алған немесе газдан уланған не қаза болғандарды естіп, алаңдайтынымыз рас. Міне, сондықтан өрт қауіпсіздігі мен улы газдан уланудың алдын — алу мақсатында аудан көлемінде «Сенбілік» іс-шарасы өтті.
Оған департаменттің эілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты С.Досанұлы, ерікті студенттер, «ҚазТрансГазАймақ», жергілікті полиция және аудандық Төтенше жағдайлар қызметкерлері қатысты. Аудан бойынша Т.Рысқұлов ауылы, Састөбе поселкесі және Түлкібас кентінің тұрғын үйлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үйлерді аралау барысында өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша 173 кемшілік табылды.
Атап айтқанда: пеш мұржаларын бөгде заттармен бітеп қою, қатты отын пайдаланатын пеш есігі орналасқан бетте еденге қаңылтыр болмауы, камин пештерін мұржасыз пайдалану. Қорытындылай келгенде 855 үй аралап, 4250 адамға түсіндіру жасалып және оның ішінде аудан аумағындағы 155 көпбалалы, 55 аз қамтылған отбасыларға қауіпсіздік ережелері көрсетілген жаднама таратылды. Баршамызды мұқият болып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.
🖊Диана БАКИРОВА.