Келес ауданынла 9 бақылау бекеті жұмыс жасауда, деп жазады Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz .
Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 50-ден асты. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында, 2020 жылғы 18-ші сәуір күні түнгі сағат 24.00-ден бастап, облыс аумағында карантин режимі енгізілді.
Бұл ретте Келес ауданының аумағынан жалпы 9 бақылау бекеті қойылып, жұмысын бастады. Атап айтсақ, ауданға кіріс және шығыс нүктелеріне, олар: Сарыағаш ауданымен шектесетін «Біртілек» бақылау бекеті, Мақтарал ауданымен шектесу нүстесіндегі «Ақтөбе» бақылау бекеті және Шардара ауданымен шектесетін нүктелеріне «Бірлік» бақылау бекеті қойылды. Ал аудан ішіндегі ауылдық округтердің шектесетін нүктесіне жалпы 6 бақылау бекеті орнатылды. Елді мекендер арасында 37 шектеу бекеті қойылды. Жалпы 160 қызметкер жұмыс жасап жатыр. Ауданда 105 адамнан құралған 15 мобильды топ жұмыс жасауда. Бақылау бекеттерінде медицина саласы, әкімдік және полиция өкілдерінен жасақталған топ, азаматтардың тек рұқсат қағазымен өтуін қадағалауда. Сонымен қатар, ауылдық округтерінің арасында орналасқан бекеттерге еріктілер мен ауыл белсенділері қатыстырылуда. Ал рұқсат қағазды өзіңіз тұратын ауыл әкімдігінен алсаңыз болады.
Төтенше жағдай кезінде облыстық бас санитардың қаулысы негізінде, тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылады. Азық-түлік және киім кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ, әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады. Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылады. Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынады. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиіс. Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 9 бен кешкі 8 аралығында шектеледі. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік, заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарындағы және көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар мен материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алады. Атап өтерлігі, құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режимге қарамай жұмысын тоқтатпайды.
© DIDARBEK.kz