Төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Келес ауданында аумақтық әскер жасақталды.
Негізгі мақсат — халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау және қамтамасыз ету. Әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалды. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ел басына сындарлы күн туғанда арнайы жиынға шақырылған азаматтарға сәттілік тіледі. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде елмен бірге болуға ерікті түрде ниет білдіргендеріңіз, нағыз елдің патриоты екендіктеріңізді көрсетеді. Баршаңызға сәттілік тілеймін»,-деді аудан әкімі Ақментай Есбаев.
Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірде еліміздің Қарулы Күштерінің аумақтық әскерін жасақтауға 230 азамат шақырылған. Оның ішінде Келес ауданында 12 сарбаздан тұратын әскерилер жасағы құрылды. Барлық үміткерлер арнайы медициналық комиссия сараптамасынан өткен.
Карантин режимін қамтамасыз ету шаралары аясында Қарулы Күштердің жасақталған запастағы сарбаздары көшелерде жаяу патрульдерге және аудандағы айнала қоршай қойылған блокбекеттерде қызмет атқарып, залалсыздандыру жұмыстарына қатысады.
Олар қажетті киім мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысы бар еріктілердің лауызымы мен айлық жалақысы сақталады. Жұмыс істемейтіндеріне мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден төленеді.
© DIDARBEK.kz