Түркістан қаласының полицейлері азаматтарды бетперде тағып, төтенше жағдай режимі кезінде бекітілген барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz .
Төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты Түркістан облысының полицейлері қала тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елімізде ТЖ режимі ағымдағы жылдың сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінен құрылған блок-бекеттер қойылды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жұмыстар облыс орталығы Түркістан қаласында да жүргізілуде.
Мысалы, «Рухани Астананың» басты көшелерінде тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Полицейлер көлік жүргізушілеріне және олардың жолаушыларына үнемі бетперде тағып жүру және жеке-бастың гигиенаны сақтау қажеттілігі туралы ескертуде. Мәселен, Әмір Темір көшесінің бойында патрульдік полиция қызметкерлері автокөлік айдауға әуес жүргізушілерге үйден шықпауды, әсіресе түнгі уақытта себепсіз жүрмеуді атап өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындарын қоғамдық орындарға, базарларға, дүкендерге және басқа да көп адам шоғырланатын орындарына барудан бас тартуларын сұрайды.
Түркістан ҚПБ Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі полиция майоры Данияр Түймебаевтың айтуынша: «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты облыс әкімінің шешімімен Түркістан қаласы аумағында коронавирусты таратпау бойынша шаралар күшейтілді. Біз азаматтарға аса қажеттілік туындауына байланысты азық-түлік дүкені немесе дәріханаға ғана шығу, былайғы уақыттарда далаға шықпауды сұраймыз. Ал, осы талаптар бұзылып, ТЖ режиміне қайшы келетін әрекеттер жасаған тәртіп бұзушылар әкімшілік айыппұлға немесе қамауға алынуы мүмкін. Тұрғындарға аталмыш іс-шараларға түсіністікпен қарап, үйде тұруды сұраймыз»-деп атап өтті.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін енгізгеннен бері барлығы 140-қа жуық тәртіп бұзушының жолын кесті, оның ішінде 26-ы Түркістан қаласында. Сот шешімімен 77 адамға әкімшілік айыппұл салынып, 50 адам әкімшілік қамауға алынды. Алдағы уақытта осы бағыттағы түсіндіру және алдын алу шаралары жалғаса бермек.
© DIDARBEK.kz