Бүгін жергілікті кәсіпкер, “Астана Строй-Проект” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аташов Данияр Серікбайұлы Мақтаарал ауданына 4 дистанциялық термометрді сыйға тартты.
Дистанциялық термометр — азаматтардың дене қызуын жылдам әрі нақты өлшеуге арналған әмбебап құралдардың бірі. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және оның денсаулыққа еш зияны жоқ.
Аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков құралдарды жеткізіп берген кәсіпкердің ұлына алғыстарын білдіріп, осындай қиын кезеңде халқына сүйеніш бола білген кәсіпкер нағыз “бүгінгі күннің батыры” екенін атап өтті.
“Аталған аспаптар ауданның қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөліміне және аудандық ауруханаларға берілетін болады” – деді Бақыт Насырханұлы.
Бұған дейін жеке кәсіпкер Д.Аташов аудандық «Мырзакент» және «Атакент» ауруханаларына жедел медициналық қызмет көрсетуге арналған 2 жасанды тыныс алу аппараттарын сыйға тартқан болатын. Міне, осылайша еліміздегі Төтенше жағдай кезеңінде Мақтаарал ауданының кәсіпкерлері белсенділік танытып, ел үшін көптеген игі істерді атқаруда.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында коронавирусқа шалдыққан 5 науқас тіркелген. Ауруханалар мен овсервациялық орталықта 58 адам карантинге алынған. Сондай-ақ, 80 адам үй карантинінде жатыр.
© DIDARBEK.kz