Облысымызда жыл басынан бері 5 адам суға кетіп, қаза тапқан. Оның 2-еуі Мақтарал ауданында, ал Арыс қаласы мен Жетісай, Ордабасы аудандарында 1 жағдайдан тіркелген. Сондай-ақ, 14 тілсіз жаудың дерегі анықталып, өткен жылдармен салыстырғанда дала өрті өршіген. Бұл туралы баспасөз брифингінде Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді, деп жазады «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі М.Әсембектің материалына сілтеме жасаған «DIDARBEK.kz».
Тиісті мамандардың мәліметіне сүйенсек, суға батып өлген 5 адамның 3-еуі жас бала болып шықты. Бұл жазатайым оқиғалардың барлығы азаматтардың су жағалауларында қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарауының себебінен орын алған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өзен-көл, су қоймалары маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
Ерік Сарыбаев — Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: 2020 жылдың басынан бері орын алған 5 оқиғаның 3-еуі жас бала, 2-еуі ересек адамдар. Орын алған жағдайлардың негізгі себептері – балаларды суаттар жанында үлкендердің қарауынсыз қалдыру және абайсыздан суға құлау, жүзе білмеу. Осыған байланысты тұрғындарды тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыратын түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ, департамент басшысы өңірде өзекті болып тұрған орман өрті мәселесіне де тоқталды. Облыс аумағында жыл басынан бері 14 дала өрті тіркелген. Орман шаруашылығына келтірілген материалдық шығынның жалпы соммасы шамамен 802 мың теңге. Қазіргі таңда тілсіз жаудың алдын алу мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Мамандар төтенше жағдай кезінде тұрғындарға себепсіз серуенге шықпай, үйде отыруға кеңес береді.
© DIDARBEK.kz