Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Төтенше » ШЫМКЕНТ: 6 651 НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

ШЫМКЕНТ: 6 651 НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Шымкент қаласында мамырдың 1-ші жұлдызынан бірқатар шағын және орта бизнес нысандары қалыпты жұмыс істей бастады, деп жазады Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-иннновациялық даму басқармасына сілтеме жасаған «DIDARBEK.kz».

Атап айтқанда, бірінші кезеңде жұмысын бастаған нысандар: химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілемдерді тазалау орталықтары, ателье, киім мен аяқ киім жөндеу, тұрмыстық техника жөндеу орталықтары, автожуу орындары, шиномонтаж, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету станциялары, токарлық, дәнекерлеу және жиһаз цехтары, сұлулық салондары және шаштараздар,тұрмыстық техниканы онлайн жеткізу режимінде сату бойынша сауда үйлері мен дүкендер бар.

Сондай-ақ көшеттерді, пестицидтерді, тыңайтқыштарды және бау-бақша тауарларын сататын дүкендер, жүк автокөлігіне, ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасына арналған автобөлшектерді, шиналарды сату бойынша дүкендер мен қоймалар, оптика салондары, автосалондар мен микро-қаржы ұйымдары, ломбардтар және айырбастау пункттері жұмысын қайта бастады.

Екінші кезең бойынша 4 мамырдан бастап ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, 500 шаршы метрге дейінгі барлық бағыттағы дүкендер, фотосалондар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, жарнама агенттіктері, көшелердегі спорт алаңдары, жеке кабиналары бар моншалар, үй жануарлары мен гүл сататын дүкендер, жылжымайтын мүлік агенттіктері іске қосылды.

Бүгінгі таңда қалада жалпы саны 6 651 нысан қалыпты жұмыс істей бастады. Ол жерлерде 136 259 адам еңбек етуде.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-иннновациялық даму басқармасы барлық нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды ескертті.

Сонымен қатар, барлық нысандарда өткір респираторлық жұқпалы аурулар белгілері бар қызметкерлердің жұмысқа шықпауы, бөлмелерге жүйелі түрде дезинфекция жүргізу, қолды өңдеу үшін санитайзерлер орнатылуы, қызметкерлер мен келушілердің бетперделік режимді ұстануы ескертілді.

Мекеме аумағында 5 адамнан артық жиналмауы, төлемді қолма-қол ақшадан тыс онлайн арқылы төлеу мүмкіндігін ұсынуы талап етіліп, сақтық шаралары басты назарда болуы керектігі айтылды.

Айта кетсек, іске қосылған нысандарда жұмыс уақыты күнделікті сағат 10.00 — 18.00 аралығында жүргізілмек.

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу