Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында Отырар ауданынан гуманитарлық көмек жолға шықты. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мақтаралдықтардың басына түскен нәубетке бей — жай қарай алмаған отырарлықтар қажетті азық — түліктерді, күріш, шекер, макарон, пісте май, ұн, тұз, картоп, пияз, сәбіз және киім — кешек пен басқа да тұрғындарға қажетті заттарды жүк көліктеріне тиеп, мақтаралдықтарға жөнелтті.
Осындай қиын — қыстау кезеңде елмен бірге екендіктерін көрсетіп, қолдау білдірген жанашыр азаматтардың қатарында аудандық мәслихат депутаттары мен аудан кәсіпкерлері және белсенді жастар да бар. Таң ата аудан орталығындағы «Есен Ана» мешітінің алдынан шыққан көмек түс ауа тиісті орындарға жеткізілді.
Қасиетті Рамазан айындағы қайырлы істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
© DIDARBEK.kz