Түркістан облысының Полиция департаментіне қарасты Отырар аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары қасиетті айда қан тапсырды, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Алдымен 50-ден астам полицейлер өз еріктерімен қан тапсырмас бұрын, қан беріп, донор болуға жарамды немесе жарамсыз екендерін анықтатты. Одан соң қан қысымын өлшеп, қандай топқа жататындары белгілі болды. Ал дәрігерлер полицейлерге егер қысым қалыпты болмаса немесе гемоглобин деңгейі төмен болса, сондай-ақ жақында ота жасалған, бір кездері гепатитпен ауырған азаматтарға қан тапсыруға болмайтындығын айтып, түсіндірді.
Жалпы қан тапсырған полицейлердің денсаулығы жақсы екен. Тек блок бекеттердегі түнгі кезекшіліктен келген тәртіп сақшылары бұл жолы донор болған жоқ. Дәрігерлер оларға демалуға, күш-жігерді қалпына келтіруге ұсыныс жасады. Кейін өз еріктерімен келіп қан тапсыруға болатындығын жеткізді.
Осы тұста айта кеткен жөн, киелі облыс полицейлері дәстүрлі түрде үнемі қан тапсырып, мұқтаждарға көмек көрсетіп тұрады. Өткен айда Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты Ордабасы ауданының полицейлері қан тапсырған болатын. Бұл жолы енді кезек Отырарлықтарға келген.
— Өзімді жақсы сезінемін, көңіл-күй де жақсы. Донор болу ол сауапты істердің бірі. Көпшілімізге белгілі бүгінде ауруханаларда өмірі бір тамшы қанға тәуелді қаншама науқастар бар. Қан ауруына, қатерлі ісік ауруларына шалдыққандардың өмірін сақтап қалу үшін де қан ауадай қажет. Сондай-ақ жол-көлік апаттарының салдарынан жоғалтылған қанды қайта қалпына келтіру де оңай емес. Осындай сәттерде біздің де бірауыздан ерікті түрде қан бергеніміз бір жағынан азаматтық борышымыз болса, бір тараптан мұқтаж жандарға деген рамазан айындағы көмегіміз. Науқастарға көмегіміз тиіп жатса біз оған тек қуанамыз, -дейді Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Б.Мыңжасаров.
Осылайша, небары жарты күн ішінде полиция қызметкерлері өздерінің қандарын тапсырып, қан орталығына қомақты үлестерін қосты.
© DIDARBEK.kz