Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Баршаңызды 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тұғырлы Тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымызға қол жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап, қастерлеу одан да жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қорғаны мықты халық қана баянды болашаққа бет түзеп, барлық бағытта даму үдерістеріне қол жеткізе алады.
Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің қатарында шеп түзеп, антына адалдық танытамын деген азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл біздің бүгінгі буынның отанға деген айрықша махаббаты мен оның әрбір азаматын қорғауды өмірлік мақсат еткен ұстанымдарының жемісі деп білемін.
Дүниені жайлаған ауыр індетке байланысты ел аумағында жарияланған төтенше жағдай кезінде де әскер қатарындағылар мен әскери міндеттілер жүктелген міндеттерін мүлтіксіз атқаруда. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қиын күндердегі қызмет басына әскерилер де өз еріктерімен жұмылдырылуда. Бейбіт күнде батырлық танытқан барлық сарбаздарға облыс жұртшылығының ерекше ықыласын жеткізгіміз келеді.
Осы күндері еліміздің әр аймағында облысымыздың 1639 сарбазы отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруда. Осы азаматтардың әрбірінен туған отанына деген сүйіспеншілікпен қызмет атқаратын болашақ батырларымыз шығарына кәміл сенемін!

Құрметті Отан қорғаушылар!

«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген баба нақылының тектен-текке айтылмағаны белгілі. Мемлекетіміздің дамыған елдер қатарынан орын алып, тыныштығының бұзылмауы үшін сіздерге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Осыны жүрегімен сезініп, абыроймен ант қабылдаған әрбіріңізге толағай табыстар, жарқын жетістіктер тілеймін!
Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.
Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат БАЛАБИЕВ.

Пікір жазу