Төтенше жағдай мерзімі тоқтағаны шымкенттік кәсіпкерлерге оңтайлы болып тұр. Апта басынан бері көптеген бизнес нысандар қызу жұмысқа кірісіп кетті. Десекте карантин тәртібі әлі тоқтаған жоқ. Қала санитарлары қайта қосылған жұмыс орындарына мониторинг жүргізуде, деп жазады «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі К.Дүйсенбінің материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Шымкенттегі Қаратау ауданында шағын және орта кәсіп қарқынды дамыған. Әсіресе тұтынушыларға күнделікті қызмет көрсететін шағын орталықтардың саны басым. Ауданда 23 көлік жуу орталығы бар. Ол жерлерде 200 ден астам адам жұмыспен қамтылған. Бизнеске шектеу жоқ. Тек ғана санитарлық талаптар сақталса болғаны.
Айнұр Пернеева – Шымкент қаласы Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары: Бұлар мына 16-шы қаулыға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Таңғы 9 дан кешкі 6 ға дейін жұмыс жасайды. Бірақ қатаң талаптарды сақтай отырып ісін жалғастыра алады.
Мамыр айының 4-нен бері қаладағы моншаларда жұмысын бастады. Солардың бірі Қаратау ауданындағы «Фатима» монша кешені. Әзірге жеке кабиналар ғана іске қосылған. Соның өзі қайта жұмысқа кіріскен монша ұжымына серпін беріп отыр.
Ермұхамед Оңғарбаев – «Фатима» монша кешенінің іс басқарушысы: Келушілер саны бұрынғыға қарағанда аз. Көп адамдық бөлімдер жабық. Барлық сақтық шараларын жүргізіп жатырмыз.
Төтенше жағдайдан кейін қайта жұмысын бастаған кәсіпкерлерге тәртіп ортақ. Ең бастысы қарапайым санитарлық талаптар сақталуы керек. Қатаң тәртіп мегаполистегі ақуалдың жақсаруына оң ықпал етеді.
© DIDARBEK.kz