Бүгінде қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 40. Қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан олардың әлеуметтік жағдайларына үнемі бақылау жасалады.
Шымкент қаласының мәслихаты 75 жылдық мерейтойға орай Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 360 АЕК, яғни бір миллион теңге көлемінде сыйақы беру жөнінде шешім қабылдады. Ал тыл еңбеккерлеріне 33 мың теңгеден үлестіріледі.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына өзгеріс енгізіліп, мына санаттағы азаматтарға да бір реттік қаржылай қолдау жасалады. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 1490 адамға 100 000 теңге; 3851 тыл ардагеріне – 33 336 теңге; ҰОС мүгедектерінің қайтыс болған, басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 33 336 теңге; Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға (жалпы саны 5) – 63 894 теңгеден; бұрынғы
КСРО-ны қорғау кезінде жаралануына, контузия алуына, жарақат алуы немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге (жалпы саны 346 адам) –105 564 теңгеден беріледі.