Шымкент қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі байқалды. Ширатып айтсақ, қасиетті мереке күні Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасымен әріптес ретінде біріккен қаламыздағы «Серпіліс» қоғамдық қоры мен «Жалын» қоғамдық бірлестігінің «Практик-психологтардың ерікті тобы» Мақтааралдағы су апатынан зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жалғастырды.
Аталған ерікті топ осы мақсатпен Төлеби ауданында орналасқан «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды. Бұл игі іс — бастамасы емес, жалғасы. Яғни шымкенттік жантанушы мамандар бұған дейін Мақтааралға арнайы ат басын бұрып, эвакуациялық пунктілердегі тұрғындармен психологиялық жұмыстар жүргізген-тұғын. Бұл ретте біліктілік дәрежелері жоғары 5 маман басты назарларын балаларға аударып, 200-ге жуық балдырғандармен жұмыс жүргізген еді. Сол себепті болар, бүлдіршіндер үрей мен мұңның сейілуіне септігін тигізген кісілерді бірден танып, қуанышпен қарсы алды. Осы жайтты ерікті топ мүшесі Бейсенкүл Нарымбетова: «Сені күтетін, есінен шығармайтын адамның болғаны қандай жақсы. Адам болғанда да баланың. Жұмыстың нəтижесін көру — өз алдына бақыт» деп суреттеді.
Айта кетейік, арнайы бұл психологтар тарапынан оқу-сауықтыру орталығында 1-4-сынып оқушыларымен арт терапия: соның ішінде тұз, ермексаз, сурет салу жəне ертегі терапия жұмыстары жүргізілді. Нәтижелі кездесу соңында мақтааралдық бүлдіршіндер мейірімді топты қимай шығарып салды.
Осы орайда аталған орталыққа жаңадан ғана тағайындалған директоры Дәурен Босымбаев жайлы айтқымыз келеді. Мемлекеттік қызметтен білім саласына қайта оралған Дәурен Әбдікәрімұлын балалар зор қуанышпен қарсы алған. Мұны Мақтааралдан жабырқау жүзбен келген бүлдіршіндердің бүгінде шаттанып жүргендерінен де байқауға болады.
© DIDARBEK.kz