«Шымкент — ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» атануына байланысты Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 12 мамырынан бастап «Таза қала» сауықтыру іс-шарасы басталды. Осы шара аясында Департамент бастығы Ералы Жумаханбетовтің қатысуымен Полиция департаментінің 200-ден астам қызметкерлері жұмылдырылған сенбілік өтті.
Сенбілік қаладағы 8 мөлтекауданына қарасты №57, №58, №59 және Т.Айбергенов атындағы көшесінің №1, №1А, №3, №5А, №7 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өтті. Онда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, көше бойын қоқыстан тазартып, көгалдандыру мақсатында ағаш түбін қопсытып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қурап қалған ағаштарды кесу жұмыстары да жүргізілді. Ал, арнайы көліктер қоқыстарды қала сыртына шығарды.
Айта кетейік, «Таза қала» сауықтыру іс-шарасы ағымдағы жылдың 12 мамыр күні басталған болатын. Шара барысында 2761 адамға әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде қоғамдық орынды ластағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 434-2-бабымен 332 тұлға, ал белгіленбеген орындарға қоқыс және коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін, аталмыш Кодекстің 505-бабымен 577 адамға әкімшілік шара қолданылды.
Қаңғыбастық пен қайыршылық жасап жүргені үшін 189 адам ұсталып, оларға Кодекстің 449-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Ал, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 228 тұлға анықталса, 1013 жалға берілетін пәтерлер тексеріліп, оның ішінде 59 пәтер иесі Мемлекеттік кірістер департаментіне тіркелмегені мәлім болған. Оларға тиісті шара қабылдау үшін аумақтық Кірістер басқармасына ұсыныс жолданды. Құқықбұзушылыққа бейім 515 тұлға профилактикалық және тізімдік есепке алынды.
Сенбіліктің жоғары деңгейде өткеніне куә болған жергілікті халық полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтып жатты. Қызу әрі қыруар еңбек көшенің шырайына шырай қоса түскендей болды. Айта кетер жайт, «Таза қала» іс-шарасы тек қана құқықбұзушылықтың алдын алуды ғана емес, азаматтардың арасындағы тазалыққа деген мәдениетті қалыптастырып, бізді қоршаған табиғатты аялауға үндейді.