Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАУШЫЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ

ЗАҢСЫЗ БАЛЫҚ АУЛАУШЫЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ

Түркістан облысы полицейлері заңсыз балық аулаған кезекті браконьерлерді ұстады.

12.05.2020 жылы Отырар АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясының инспекторы полиция майоры Айдос Камал Сырдария өзенінің жанында браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері Отырар ауылының маңындағы жайылымда, тәртіп сақшылары Сырдария өзенінен электр тоғы арқылы балық аулап жүрген екі күдіктіні ұстағанын анықтады. Айғақты заттар тәркіленіп алынған екі күдікті азамат Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. Браконьерлерден 15 келіге жуық балық пен балық аулау құралдары тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы баптың санкциялары 6 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.

©Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметі

Пікір жазу