Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Жалбыр және «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Ақылбаевтың қатысуымен «Жолаушыларды тасымалдау саласын реформалау» тақырыбында онлайн-брифинг өтті.
Брифинг барысында ең алғаш сөз алған әкім орынбасары қаламыздағы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мақсатында осы жыл ішінде қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленетінін айтты.
– Схеманы әзірлеуді «City Transportation Systems Transport» (Астана LRT) ЖШС-і жүзеге асырады. Ал қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, қоршаған ортаны құру, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, барлық жолды пайдаланушылар үшін қолайлы көліктің қызмет ету мерзімін сақтау және көліктің ұтқырлығын құру бойынша ауқымды жұмыстар іске асты. Бұл жұмыстар барысында «Online» режимінде қала тұрғындарының 21 мыңынан сауалнама жүргізіліп, 75%-ы қоғамдық көлікті модернизациялауды талап ететіні айқын болды. Атап айтсақ, жолаушылар қоғамдық көліктердің бағыттары өзгеруін, қызмет көрсету сапасы жақсаруын және автобустарды жаңартуды қалайтындықтарын жеткізді» – деді Мақсұт Исахов.
Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары зерттеу мен талдауды ескере отырып, төмендегілер концепциямен қарастырылатынын тілге тиек етті.
Атап өтсек:
– Қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру және жаңа бағыттардың ашылуы;
– Жылжымалы құрамның толық жаңартылуы;
– Транспорттық ХАБ-тарды ұйымдастыру;
– Шет жерден келіп-кететін, радиалды, магистральдық бағыттарды ашу.
Аталған брифинг кезінде Мақсұт Пернебайұлы реформа жайлы жан-жақты түсіндіріп, бұл өзгерістер халықтың өтінішімен, қаладағы қоғамдық көлік жұмысы барысындағы кемшіліктерді жою үшін жасалып жатқанын баса айтып өтті.
© DIDARBEK.kz