Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Жалбыр және «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Ақылбаевтың қатысуымен «Жолаушыларды тасымалдау саласын реформалау» тақырыбында онлайн-брифинг өтті.
Брифингте белгілі болғандай, басты реформаның бірі – қаладағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттендіру жүйесін енгізу. Бұл реформа «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Жүйені осы жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Ширатып айтсақ, көлік картасының бағасы – 500 теңге. Карталардың 4 түрі бар. Олар – жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. Ал аталған жүйені қолға алған «QazSmartTrans» ЖШС-сі тарапынан көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталғандар), «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталғандар және І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.
Брифингте «Shymkent» ӘКК урбанистика департаментінің директоры Жеңіс Қуандықұлы және «QazSmartTrans» ЖШС-і директоры Сержан Зиябекұлы жаңа өзгерістер төңірегінде сөз қозғап, арнайы карта арқылы қалай төлем жасалатыны жайлы түсіндірілді. Яғни, жолаушылар көлік картасымен SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлейді. Осы ретте алдағы уақытта бұл жүйе білім ордасына да енгізіліп, оқушылар мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айта кеткен жөн.
Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, жан-жақты жауап берілді.
© DIDARBEK.kz