Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерғали Бахаевтың қатысуымен «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында онлайн-брифинг өтті.
Брифингте, ең алдымен, қауіпсіздік шаралары бойынша жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті және Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.
«Су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында бұқаралық демалыс, туризм және спорт үшін арнайы орындар анықталды. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қаласы су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарында бұқаралық демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» Қаулысының жобасы дайындалды. Яғни, қаладағы барлық 5 демалыс орны нысандарды бекіту бойынша қаулы жобасына енгізілген», – деді Е.Бахаев.
Одан бөлек, Ерғали Жарасбекұлы төтенше жағдай енгізілген кезде су айдындарында жазатайым оқиғалардың болмауы үшін халық арасында белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп отырғанын жеткізді. Осы мақсатпен 30 тыйым салатын белгі, 59 үгіт стенд және 3 билборд орнатылып, арнайы 5 бейнеролик дайындалған.
Баспасөз мәжілісінде Е.Бахаев қауіпсіздік шаралары бойынша арнайы меморандум жасалып отырғанын да айтып өтті.
«2019 жылы демалыс орындарының иелерімен аз қамтылған отбасы балаларын тегін оқыту бойынша 9 меморандум жасалып, суға шомылу маусымында 376 бала оқытылды. 2020 жылға арналған меморандумдар жасау бойынша аудан әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілуде» – деді ол.
Брифинг барысында департаменті басшысының орынбасары БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, Шымкент қаласында былтыр су айдындарында адамдардың қаза болуына байланысты жазатайым оқиға тіркелмегенін айтты.
© DIDARBEK.kz