Күн ысығалы бері түрлі су көздеріне, су бұрқақтарға шомылатындар көбейді. Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің мамандары осы орайда қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырады.
Мысалы, қала аумағында өтетін Бадам өзенінің тереңдігі жазда 50 см-ден аспайды, сондықтан, бұл өзенге шомылуға тыйым салынады. Осыған қарамастан қала тұрғындары мен қонақтары қауіпсіздік ережелерін елемейді, ал мұның соңы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады.
Нақты айтқанда 2020 жылғы 31 мамыр күні сағат 16:23-де «Колос» аялдамасының тұсындағы өзеннен өтетін көпірдің жанынан 14 жасар жеткіншектің денесі табылды. Ол Түркістан облысы Төлеби ауданы Леңгір қаласының тұрғыны болып шықты. Судан шығарған кезде оның үстінде киімі болған, алдын ала мәлімет бойынша, марқұм байқаусызда суға құлап, жазатайым оқиға орын алған.
Оқиға орнында Шымкент қ. ТЖД 3 құтқарушысы, 1 техникасы, Абай аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері, 20 полиция қызметкері, 6 техника, жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Оқиғаның себебін Абай полиция басқармасының қызметкерлері анықтау үстінде.
Төтенше жағдай департаменті қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырады!
© DIDARBEK.kz