Шымкенттің «АГФ Групп» тігін фабрикасы ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде. Жеңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып жүрген компания жылына 1,5 миллионға жуық өнімін экспортқа шығарады.
Фабрика «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. 2013 жылы өз өнімдерін экспорттай бастаған компания жасанды емес маталар және табиғи материалдармен комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халаттар тігеді. Аймақта төсек орындықтар мен төсеніштер, жастықтар мен көрпелер, қаптөсектер өндіретін ең ірі өнеркәсіптік тігін фабрикасы саналады.
Кәсіпорында заманауи үлгідегі тігін машиналары мен жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу жабдықтары бар. Қазіргі уақытта компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90% шетелдік тұтынушыларға жолданады. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілген соң маскаға тапшылықты сезген кәсіпорын бетперде тігумен айналысқан.
Сонымен қатар, карантинге жабылған тұрғындарға 3 мыңнан аса масканы тегін таратқан. Тігін фабрикасының басшысы Гаухар Насырованың айтуынша, компанияның жұмысы негізінен төсек-орын жабдықтары мен киімдер шығаруға бағытталған.
Ал, өткен жылы фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған болатын.
© DIDARBEK.kz