Шымкент қаласы аумағында жыл басынан бері орман және дала өрттері тіркелмеген. Бұл туралы ақпараттық-коммуникация орталығында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Н.Дербісовтің қатысуымен қала аумағындағы орман-дала өрттерінің алдын алу және дер кезінде өрт сөндіру іс-қимылдарын жасау бойынша өткен баспасөз брифингінде айтылды.
Брифингте департамент басшысы атқарылып жатқан шараларға тоқталып, орман және дала өртінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жайында жан-жақты ақпарат берді.
Бүгінгі күні Шымкент аумағында қала әкімдігіне қарасты «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылығы орналасқан. Бұл орман қоры жерінің жалпы ауданы 5 мың 702 га құрайды («Жасыл Белдеу» жалпы ауданы 1 мың 372 га, оның ішінде орман көмкерілген аймағы 176 га және «Бадам» жалпы ауданы 4 мың 330 га, оның ішінде орман көмкерілген аймағы 2 мың 748 га). Оның ішінде, орманды алқабы 2924 га, ормансыз алқабы 2778 га).
– Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 65 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 315,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 406 шақырым және егістік алқаптарында 400 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарының 1-кезеңі өткізілді, — деді Н.Дербісов.
Департамент басшысының айтуынша, орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде жалпы 527 адамнан тұратын 52 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылған. Олар 94 бейімделген қосалқы техникалармен, 22 өрт сөндіру мотопомпалармен және қолда бар өрт сөндіру құралдарымен (527 хлопушка) жабдықталған.
Сондай-ақ, төрт ауданның әкімдіктері шаруа қожалықтарымен келісіп, қала аумағында орман және дала өрттері орын алған жағдайда дер кезінде сөндіру үшін, бір соқалы трактормен бірге 3 тонна суы бар тіркемелі бөшкелермен жалпы 4 уақытша бақылайтын өрт сөндіру бекеттері құрылған.
Брифинг соңында Н.Дербісов барлық шаруақожалықтары мен қала тұрғындарын орман және алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: С.Қосай