Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласындағы COVID-19 инфекциясының 2020 жылдың 5 маусым күні болған эпидемиологиялық жағдайы бойынша брифинг өтті.
Брифингке Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев және департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев қатысты.
Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызы мен 4 маусымы аралығында 962 COVID-19 жағдайы тіркелген. Яғни, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 91,1 құрап отыр.
«Қалада коронавирус індеті бойынша тіркелген оқиғалар әлі жалғасуда. Тіркелген коронавирус жағдайының 22-сі – 13 халықаралық жүк тасымалының жүргізушісі, 1 жолаушы Польшадан, 8-і Ресей Федерациясынан келген, оның ішінде 7 адам – жұмыс істеп жүргендер және 1 студент, 397 жергілікті, 543 – қарым-қатынаста болғандар. 4496 қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Бүгінде 2861 карантинде. Стационардан сауыққан – 397, қайтыс болғандар – 10, ал 555-і стационарлық емделуде», – деді Әбдіманап Қошқарұлы.
Ал Ғалымжан Әбішев: «Төртінші маусым күні 52 жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл – тәулігіне 5,7%-ды құрады деген сөз. Яғни, соңғы аптада 199 жағдай тіркеліп, 20%-ды құрап отыр. Олардың ішінде 3 адам өмірден өтті», – деді.
© Өз тілшімізден