Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ӨЗ ҮЙІНДЕ ҚАРАСОРА ЕККЕН

ӨЗ ҮЙІНДЕ ҚАРАСОРА ЕККЕН

Түркістан облысы полицейлері есірткі сатқан және қарасора еккен тұрғындарды ұстады, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Түркістандық полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, сора еккен күдіктілерді құрықтады.
Мысалы, ағымдағы жылдың мамыр айында Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Сол күні Түлкібас АПБ-нің криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлармен бірлесе отырып, жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізіп, Састөбе ауылының тұрғынын ұстады. Жедел уәкілдер оның үйінің бағынан шелекке отырғызып, өсірілген құрамында есірткі заты бар өсімдіктің 11 түбін тапты. Полиция қызметкерлері қарасораға ұқсайтын өсімдіктің түптерін айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Өз кезегінде, күдікті кінәсін толық мойындап, өзінің қажеттілігі үшін қарасора өсіргенін айтты.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта.
Сондай-ақ, бұған дейін Түлкібас АПБ-нің полицейлері тағы бір есірткі қылмысын ашып, 1 келіден астам марихуана есірткісін сатушыны ұстады. Нақтырақ айтсақ, сәуір айының соңында Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өзіне жақсы таныс емес тұрғын есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысатыны туралы хабарлаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» бойынша СДТТБТ-не тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түлкібас АПБ-нің полиция қызметкерлері Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі сатқан күдіктіні құрықтады. Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері күдіктіден 1 кг-нан астам «марихуана» тәркіледі. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары тағы бір есірткі затын Түркістан облысы Мақтаарал ауданынан анықтады. Мақтаарал АПБ-нің полиция қызметкерлері облыстық Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, есірткі сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктіден жалпы салмағы 2 граммнан асатын марихуанаға ұқсас есірткі заты бар сіріңке қораптары тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 297-бабы «Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткіге байланысты 150-ден астам құқық бұзушылықты, соның ішінде 60-тан астам есірткі қылмысын анықтады. Жедел уәкілдер заңсыз айналымнан 20 кг жуық есірткі құралдары мен құрамында 6 мыңға жуық есірткісі бар өсімдіктер тәркіледі.
Өз кезегінде, Түркістан облысы полиция қызметкерлері азаматтарға заңсыз есірткі сақтап, өсірген, сатқандарға қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Егер сіз есірткіге қатысты мәселеге тап болсаңыз немесе осы салада қылмыс жасауға байланысты ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның «102» телефоны бойынша хабар беріңіздер.

©️ DIDARBEK.kz

Пікір жазу