Түркістан облысы полицейлері жоғалған баланы тауып, анасына тапсырды, деп жазады ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Әйелдің айтуынша, ол есік алдында ойнап жүрген 8 жасар ұлын жоғалтып алған. Өздері іздеп таппаған соң, полицейлерге хабарласып, белгісіз бағытқа кетіп қалған ұлын тауып беруге көмек сұраған. Аталған жайтты полицейлер полиция бөлімінде тіркеп, жоғалып кеткен жасөспірімді шұғыл іздеуге кірісті.
Оқиға орнына Жетісай АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға УПИ полиция аға лейтенанты Әділхан Муфтиллаев пен полиция капитаны Мейірхан Жетібаев шығып, анасынан баланың суреттерін алып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Тәртіп сақшылары сол аумақтағы барлық көшелер мен аулаларды мұқият қарап шығып, куәгерлер мен өтіп бара жатқан адамдардан жауап алды. Осылайша 2 сағатқа созылған қажетті іс-шаралар нәтижесінде, жоғалып кеткен бала өз үйінен 6 көше ары қашықтықта адасып жүрген жерінен табылды. Полицейлер табылған жасөспірімді үйіне қайтарып, анасына аман-сау күйінде тапсырды.
Өз кезегінде, жасөспірімнің анасы Жетісай АПБ-нің қызметкерлеріне алғысын білдірді. «Аяқ асты ойнап жүріп жоқ болған баламды тауып әкеліп бергендеріне ризамын. Жұмыстарына табыс тілеймін. Әрқашан осылай халықтың қорғаны болып жүре беріңіздер»-дейді, баласымен қайта қауышқан ана қуаныштан көзінен шыққан жасын жасыра алмай.
Осы орайда, Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
©️ DIDARBEK.kz