Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын өзінің кәмелетке толмаған баласы үйден шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы хабарлайды. Үйінен ойнауға кеткен 11 жасар ұлын таппаған ана полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайтты полицейлер полиция бөлімінде тіркеп, жоғалып кеткен жасөспірімді іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары полиция аға лейтенанты Айдана Наханшақызы мен жедел уәкіл Бақберген Оңалбай барлық көшелер мен аулаларды мұқият қарап шығып, куәгерлер мен өтіп бара жатқан адамдардан жауап алды. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде 1 сағат ішінде жоғалған бала, 10 шақырым қашықтықта өздерінен бөлек тұратын әкесінің үйінен табылды.
Полицейлер табылған жасөспірімді үйіне қайтарып, анасына тапсырды. Өз кезегінде, жасөспірімнің анасы Шардара АПБ-нің қызметкерлеріне жеделділігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Ата-аналардың бейғамдығы салдарынан тағы осындай жайт Жетісай ауданында орын алды. Жетісай АПБ-не түскі 14:00-ден асқан уақытта көшелердің бірінде кішкентай қыздың адасып жылап жүргені жөнінде хабарлама түскен.
Полицейлер тез арада әрекет етіп, кішкентай қыз тұрған жерге жетті.
Полицейлер жылап тұрған қыздан аты-жөнін сұрағанмен, кішкентай қыздан мардымды жауап ала алмады. Содан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор полиция аға лейтенанты Адилхан Муфтиллаев, полиция капитаны Мейрхан Жетибаев, полиция майоры Жанна Шалбековалар қызды көліктеріне отырғызып, оның үйін, ата-анасын табуға әрекеттенді. Көше-көшені аралап, тұрғындардан сұрастырып, 2-3 сағатқа дейін іздестірді.
Нәтижесінде әкесін анықтап тауып, оған қызын тапсырды. Әкесінің айтуынша, әйелі жұмысқа кеткен, өзі ауырып жатқан. Сол сәтте аулада ойнап жүрген қызы шығып кеткен көрінеді.
Осылайша, 3 жасар қыз аман-сау күйінде отбасына тапсырылды. Ер адам полицейлерге алғысын жаудырды. Тәртіп сақшылары сондағы барлық тұрғындарға өз балаларын үнемі бақылауда ұстау керектігін түсіндірді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, жоғалған жағдайда тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.
©️ ТО ПД-нің баспасөз қызметі