Шымкент қаласын қақ жарып өтетін Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жаңа жоспарға сәйкес, таяу болашақта өзен жағалауы заманауи әдіспен көркейту жұмыстары жүргізілмек. Бүгінде жауапты мамандар осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Суының емдік қасиеті мол Қошқар ата өзеніне шомылып, жағалауында серуендейтін тұрғындар бүгінде аз емес. Қала әкімдігі тарапынан қолға алынып жатқан қазіргі өзгерістердің басты себебі – өзен аумағын халыққа барынша ыңғайлы демалыс орны ретінде дамыту.
Бұған дейінгі жоспар негізінде мұнда жұмыс екі кезеңге бөлінген. Оның біріншісі бұлақ басынан Ордабасы алаңына дейін 700 метр және алаңнан Ә.Жангелдин көшесіне дейінгі 1600 метрлік бөлігін қамтитын жұмыстар. Көркейту жұмыстары кестеге сәйкес абаттандырылып, халықтың сүйікті демалыс орнына айналды. Бұл аралықта өзен жағалауы 10 метрге дейін ашылып, бірқатар заңсыз нысандар бұзылған еді. Сонымен қатар, онда 4 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолы төселіп, 4 өткел салынды.
Енді қала басшылығы өзен жағалауын абаттандыру барысына бірқатар өзгерістер енгізбек. Жаңа жоспар бойынша өзен жағалауы 30 метрге дейін ашылады. Одан да басқа өзгерістер болады.
© DIDARBEK.kz