Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЕШУШІ КЕЗЕҢДЕ ӘР АЗАМАТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН КҮРЕСЕЙІК

ШЕШУШІ КЕЗЕҢДЕ ӘР АЗАМАТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН КҮРЕСЕЙІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялап, 13 шілдені аза тұту күні деп жариялады. Әлем бойынша вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға, ал қайтыс болғандар 500 мыңға жетіпті. Осы цифрды айтудың да, жазудың да өзі ауыр. Еліміз үшін қазір оңай болмай тұрғаны белгілі. Әсіресе, медицина қызметкерлеріне түскен салмақтың жүгі оңай емес.

– Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек. Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда, Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды.

Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды, — деп үндеуінде Президент атап өтті.

Дәл қазіргі уақытта тұрғындарға шынайы ақпарат жетпей жатыр. Сондықтан ашықтық, медицина өкілдері тарапынан дер кезінде індеттен сақтану жайында нақты ақпарат берілудің өзі — қауіптіліктен құтылуда, аурудың алдын алуда маңызы зор деп айтар едім.

Президент алдағы екі апта болашақ үшін шешуші кезең екенін де атап өтті. Сондықтан үшінші мегаполис тұрғындарын қиын-қыстау уақытта мемлекетке қолдау көрсетуге шақырамын. Шаһарда жұқпалы аурулар ауруханасында орын саны көбейтіліп, провизорлар мен күндізгі стационарлардың ашылып, дертпен күресте жұмыстар атқарылуда. Дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі мәселесін шешуде тәулік бойы еңбек етіп жатқанын көріп те, естіп те отырмыз.

Мемлекет басшысы айтқандай, бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт. Әр азаматтың денсаулығы үшін күресейік. Күшейтілген карантин талабын сақтайық. «Әр қазақ менің жалғызым» деген жанашырлық, жауапкершілік әрқайсымыздың жүрегімізде, санамызда болсын!

Баршагүл ИСАБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Пікір жазу