Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жақсылық Оразбайұлының қатысуымен қаладағы эпидимиологиялық ахуалға байланысты брифинг болып өтті.
Баспасөз мәжілісінде Жақсылық Оразбайұлы қаладағы эпидимиологиялық жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның мәлімдеуінше, соңғы екі тәулікте пневмония бойынша қаламызда жағдай біршама тұрақтанды.
— Алайда көптеген азаматтарымыз, суық су ішкеннен, балмұздақ жегеннен ауырып қалып жатыр, оны өздері пневмонияның алғашқы белгілері екен деп ойлап, өз-өздеріне ем тағайындап, дәріханалардан көптеп дәрі-дәрмектер сатып алып қояды. Соның салдарынан кейбір дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін. Бүгінде әкімдік тарапынан дәрілерді дәріханаға тарату бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Күні кеше қаламызға дәрілердің бір қатар партиясы келіп жетті, дәріханаларда жетіспей жатқан дәрілерді жеткізуге тырысып жатырмыз. Провизорлық мекемелерде оттегі кислородына мұқтаж, жан сақтау жағдайындағы науқастар оттегі кислородымен қамтамасыз етіледі. Қаламыздағы кислород цехтары бұған дейін де жұмыс істеп келген, алдағы уақытта қосалқы цехтар жұмыс істейді деп жоспарлануда. Бүгінгі әлеуметтік желілерде кеңінен таралған видео жайлы айтатын болсам, бұл ешқандай да флешмоб емес, өздеріңізге белгілі 13 шілде — Аза тұту күні, соған байланысты бір минуттық еске алу шарасы болатын. Ал аталған мекеме Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарайтын болғандықтан біздің ол мекемеге ешқандай құзіретіміз жүрмейді, — деді Жақсылық Оразбайұлы.
Естеріңізге сала кетейік бұған дейін Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Алыбаев баспасөз брифингінде, қаладағы жедел жәрдем қызметін шақыртушылар саны 2 есеге өскенімен, қаладағы ахуалдың біршама тұрақтанғанын жеткізген болатын.
Сондай-ақ Ресей, Украина, Түркия, Өзбекстан т. б. елдердің компанияларымен келісімшарт жасалып, дәрі-дәрмектердің елге жеткізілетінін, тәжіриебе алмасу үшін әрі көмек беру үшін Ресейден 5 маман, Түркия елінен 10 маман келетіні белгілі болған еді.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 4147-ге жетсе, жазылып шыққандар саны 2253 адамды құрайды. Жалпы елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны – 61 мың 755.