Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге «Төлем» электронды билет жүйесін енгізу мәселесі бойынша баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «QazSmartTrans» ЖШС басшысы Сержан Ақылбаев жаңа жоба жайлы жан-жақты түсіндіріп берді.
– Электронды төлем жүйесін енгізу «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестиция есебінен атқарылуда. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд. теңге. Бүгінде стационарлық валидарторлар 350-ден астам автобусқа орнатылды. 30 қыркүйекке дейін барлық автобустарға қойылады. Жалпы 15 қазаннан бастап төлем жүйесі енгізіледі. 1 қарашаға дейін жолаушылар төлем картасы және қолма қол төлеуге мүмкіндігі бар. 1 қарашадан бастап, карта арқылы 70 теңге, қолма қол төлеу 100 теңге болады.
Бұл жобаны көптен күткен едік. Шымкент қаласындағы қоғамдық көлікті модернизациялау бірнеше компоненттерден тұрса, соның бірі электронды билет жүйесі. Жобаны іске асырудағы негізгі мақсат – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдайларды жасау, қалалық бюджетке түсімдерді арттыру, жолаушылар ағынының таралуы бойынша нақты статистикалық есебін беру, нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршрутарды субсидиялау, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Қоғамдық көлікте төлем жасау үшін электронды карталардын 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларына, студенттерге және жеңілдіқтерге арналған карталар.
Компания басшысы Сержан Ақылбаев жаңа жоба жайлы толығырақ мәлімет берді. Оның айтуынша, көлік картасының бағасы 500 теңге. Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Төлем карталары қалада 3000-нан астам орында, дүкенде сатылады. Картаны банктердің банкоматтары арқылы, мобильді қосымшалар арқылы толтыруға болады.
«QazSmartTrans» ЖШС-гі тарапынан 14 мың көлік карта Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандарға және І — топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.
Бүгінде смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымша әзірленді. Тұрғындарға тиісті мәлімет беру үшін 4 операторы бар CALL-орталығы ашылды (орталықтың нөмері 8 775 811 2222).