Құрметті қариялар!
Қадірменді аға буын өкілдері!
Сіздерді 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер Тәуелсіз еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Қазақстанның бүгінгі деңгейге жетуі — Сіздердің ұзақ жылдар бойғы еселі еңбектеріңіз бен қажыр-қайраттарыңыздың жемісі. Бізге, яғни, жас ұрпаққа, еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің және адамгершіліктің тамаша үлгісін көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға бас иіп, алғыс айтамын!
Дана халқымыз «Қариясы бар үйдің — қазынасы бар» деген ұлағатты сөзді босқа айтпаған. Сіздер өз өмірлік тәжірибелеріңіз бен кемел ақыл-ойларыңызға сүйене отырып жастарға үнемі тура жол көрсетіп келесіздер. Ұлттық салт-дәстүр мен имандылықты, отбасы құндылықтары мен салауатты өмір салтын насихаттап, елдің ынтымақ-бірлігін нығайту жолындағы өнегелі істеріңіз жоғары бағаға лайық!
Қадірлі ел ағалары мен ақ жаулықты әжелер!
Әрбір азаматтың қартайған шақтағы өмірін жайлы әрі алаңсыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осының айқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, зейнетақы мөлшері жылдан-жылға көбейіп келеді. Қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер әлі де жалғаса бермек.
Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен ардагерлерге құрмет көрсету тек мемлекеттің міндеті емес, бүгінгі жас буынның парызы екенін де ұмытпаған жөн.
Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты. Олай болса, ардагерлерді ардақтауды тек бір күнмен шектемей, әрдайым аға буынға сый-құрмет көрсетіп, қамқорлық таныта білейік.
Құрметті қариялар! Сіздерді айтулы мерекемен тағы да құттықтай отырып, бейнеттің зейнетін көріп, арамызда аман-есен жүрулеріңізге тілектестік білдіремін. Сіздерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Мұрат ӘЙТЕНОВ
Шымкент қаласының әкімі