Шымкент қалалық Білім басқармасы Мемлекет басшысының Жолдауындағы білім саласына байланысты мәселелерді түсіндірумен бірге насихаттауға да ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы жылы мерейтойы атап өтілетін қазақ халқының ұлы философы, ағартушысы, ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына қатысты шараларды мегаполис мектептері мен жоғарғы, орта арнаулы оқу орындары бастап кеткеніне біраз болды.
Қаладағы №1 жалпы орта кешкі мектебінің бастамашылдығымен Ұлы ойшылдың мерейтойына бір апта уақыт ішінде дайын болған ең үлкен кітаптың салмағы 27 келі. Ұлы Абай атамыздың 175-жылдығына арнайы жасалған алып кітап Алматы қаласында орналасқан Қазақстан рекордтар кітабына тіркеуге жіберіледі.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №1 жалпы орта кешкі мектебі мен №167/3 түзету мекемесінің ұжымы бірлесіп ұлы Абай атамыздың туған жерінде өтетін мерекеге алып кітап сыйға ұсынылады. Кітаптың көлемі – 122 х 90 см. 24 беттен тұратын алып кітаптың іші Абайдың құнды қара сөздерімен айшықталған. Ұлы Абайдың 175-жылдығына арналған мерекелік іс-шара соңы Ұлы ақынның өлеңдерімен өріліп, әндерімен әрленді.
©Өз тілшімізден