Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » МӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ — КІТАП

МӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ — КІТАП

Әлемді жайлаған індет біздің еліміздің де табалдырығын аттады. Есігін айқара ашып, оқырманын күтіп отыратын кітапханалар есігін жабуға мәжбүр. Шымкент қаласы Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі уақытша онлайн түрінде қызмет көрсетуге көшті. Осы жүйеге қарасты №8 кітапхана бөлімшесі оқырман қауымға, 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы аталуына орай «Көркейген Шымшаһар – әлем кеңістігінде» атты библиокеруеннің жұмысын жалғастыру мақсатында кітап көрмесін жасап, оқырманға таныстырды.

Тәуелсіз  еліміздің ең ірі қалаларының бірі, Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкент қаласына 2200 жыл толды. ЮНЕСКО Шымкенттің  2200 жылдығын атап өтуді, 2020 жылы өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Мұндай шешім Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында қабылданды.

Ұлы философ, ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Бұл мерейтой  ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Осыған орай Халықаралық Абай клубының президенті, жазушы Роллан Сейсенбаевтың құрастыруымен әл-Фараби құнды мұрасының қазақ және орыс тілдерінде жеті томдығы, ағылшын тілінде бір томдығы жарық көрді. Осы кітаптар да оқырманға онлайн режимде таныстырылды.

Жақында қазақ прозасының антологиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылып, жарық көрді. Антологияға жерлесіміз, танымал жазушы-журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың «Гамбургтегі қазақтар» әңгімесі енді. Бұл әңгіме де оқырманға ұсынылды.

Сонымен қатар Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты, кітапханалар жүйесінде жыл мезгілдеріне арнап жазылған ақын өлеңдерін оқырман жастар арасында оқуды насихаттау жоспарланған болатын. Осы орайда ұлы ақынның «Жазғытұры» атты өлеңі оқылуда.

Белгілі жазушы Ш.Мұртаза «Мәдениеттің мәйегі – кітап»- десе, Елбасымыз Н.Назарбаев «ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің қайнар көзі – кітапта» деген болатын.

Кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі. Осы рухани байлықты сіздерге ұсыну біздің міндетіміз, парызымыз. Қымбатты оқырман қауым ұрпағымыз саналы, рухани дүниесі бай болсын. Сәуір айында кітапхана бөлімшесі ақын Әселхан Қалыбекованың 70 жылдық, жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойына орай шараларды онлайн түрінде ұсынады.

Шымкент қаласының орталықтандырылған

көпшілік кітапханалар жүйесі №8 кітапхана бөлімшесі.

 

Пікір жазу