Түркістан облысы Сайрам ауданында жас ақындардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Жастар жырлайды» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті, деп жазады DIDARBEK.KZ ақпараттық агенттігі. Шараға аудан басшысы Ұласбек Сәдібеков арнайы қатысып, шайырлардың қуанышына ортақтасты.
«Қоғамға қалтқысыз қызмет еткен Құрманбек Жандарбеков, Ошат Рахым, Ерсін Қойбағар, Тұрсынай Оразбаева сынды азаматтар ауданның тумасы екенін әрбір жас мақтан тұтуы керек. Бүгінде олардың ізін жалғап, туған жердің жақсы атын шығаратын – өздеріңдей дара, саналы, дарынды жастардың көптігі қуантады. Шығармашылық жолындағы алғашқы қадам — сіздерді даңғыл жолға, биік белестерге бастасын», — деді аудан әкімі.
Аудан әкімі тарапынан қолдау тауып, алғаш рет жарық көрген жас ақындардың жыр жинағына 14-29 жас аралығындағы 20 жастың өлеңдері еніп отыр. Кітаптың редакторы өңірге белгілі ақын Нұрғиса Төремұратов. Бес бөлімнен тұратын кітап «Үш қиян» баспаханасынан 500 дана таралыммен шыққан. Кітап аудандағы барлық кітапханаларға, мектептер мен колледждерге және кітапсүйер қауымға тегін таратылады.
@DIDARBEK.KZ