«Халқымыз үшін елеулі оқиға орын алғалы тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, наурыз айында Түркістан қаласында Түркі тілдес Мемлекеттер Басшыларының Саммитін өткізу үшін дайындық жұмыстары басталды. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» — деп атап көрсеткендей, баршаңызды облысымыз бен Түркістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдында берген есебінде.
Сондай — ақ, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік жиынында түркістандықтарды жаңа «Сауран» ауданының құрылуымен құттықтады.
«Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгелі бері Кентау қаласына оның бұрынғы 12 ауыл округі берілген болатын. Кентау қаласы аумағындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен, өңірді ары қарай тиімді дамыту бағыттары Мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, бұрынғы Кентау қаласы мен ауылдық округтердің қарқынды дамуы мен өзекті әлеуметтік мәселелерін уақтылы, сапалы шешуге, аумақты ұтымды басқаруға біршама қиындықтар туындатты. Осыған орай, жаңа аудан құру және жаңа ауданға «Сауран» атын беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс берілді»,-деді Өмірзақ Шөкеев.
Бүгінгі таңда, Заң талаптарына сай тиісті құжаттар рәсімделуде. Қорытынды құжаттар Үкімет пен ҚР Президентінің қарауына енгізілетін болады. «Сауран» ауданы 2021 жылы «Наурыз» мерекесі қарсаңына қарай құрылу жоспарлануда.
@DIDARBEK.KZ