Қарабұлақ ауылдық округінің Сервистік орталығында Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков жергілікті тұрғындарды жеке сұрағымен қабылдады.
Музаффар Қаратев күл-қоқыс жинау мәселесіне көңілі толмайтынын жеткізген. Ауылдық округ тұрғындарына бұл бағытта «МАДИНА Н» ЖШС қызмет көрсетеді екен. Дегенмен, мәселе орынды. Қазіргі таңда ауыл аумағының үлкен және тұрғын үйлер санының көптігін ескерсек, мердігер мекеме техника санын арттыруы тиіс.
Ал Бахром Ахматжанов тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беруді сұрады. Қарабұлақ тұрғындарына жер телімін беру мәселесі Түркістан облыстық прокурорының алгоритміне сай, осы аумақтағы заңсыз үйлердің мәселесі шешімін тапқаннан кейін ғана жүргізілетіні ескертілді.
Исраил Элтаевтың тәулік бойы таза ауыз сумен және сапалы электр желісімен қамту туралы сауалына аталған сала басшылары жауап берді. Яғни, таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазылған су ұңғымалары Атамқұлбоз аумағанда орналасқан. Қазір осы жер телімін мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, электр бағаналарын және сымдарын ауыстыру қажеттілігі Қарабұлақ ауылдық округінде де маңызды. Бұл бағытта аудан әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмысшы топ қазір зерделеу жұмысына кіріскен.
Қарабұлақ ауылының тұрғыны Абдихашим Анартаев жергілікті каналдарға лоток орнатуды сұрады. Айта кетейік, бүгінде аудан аумағындағы «Көтерме» каналы күрделі жөндеуден өтуде.
«Закира» каналына лоток орнату жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы қарастыру үшін Түркістан облыстық ауылшаруашылық департаментіне ұсыныс жасалды. Аталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Еске сала кетейік, «Ауыл — ел тірегі» онкүндігі жобасы аясында бірқатар жұмыстар ауа-райының аздаған қолайсыздығына орай кейінге шегерілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жоба аясында жоспарланған 60-қа жуық іс-шара жақын күндері қорытындыланып, нәтижесі аудан тұрғындарының назарына ұсынылмақ.
@DIDARBEK.KZ