Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай, ағымдағы жылдың 9 ақпан күні Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының білім бөліміне қарасты мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында пәндік олимпиаданың екінші күні өтті.
Білім бәсекесі сарапқа түскен шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Ермағамбетқызы Абуовада қатысып, білім сайысының әділ өткізілу барысына бақылау жұмыстарын жүргізді.
Мұндағы негізгі мақсат — пәндік олимпиада барысында бейресми жолдардың орын алуына жол бермеу және әділ өтуін толық қамтамасыз ету.
Айта кетсек, төрт күн бойына мектеп бағдарламасындағы 12 пән бойынша өтетін олимпиадаға аймақтық іріктеу сынынан іркілмей өткен оқушылар қатысуда.
Еліміздегі карантиндік режимге орай, бір күнде 4 пәннен өткізу жоспарланған олимпиаданың екі күндік қорытындысы бойынша білім бәсекесінде 252 оқушы математика, физика, химия, биология, информатика, география, қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәндерінен өз білімдерін сарапқа салды.
«Түркістан – адалдық алаңы » жобалық кеңсесінің менеджерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бақылауында өтіп жатқан олимпиадада бекітілген қазылар алқасы оқушылардың жұмыстарын әділ бағалауда.
@DIDARBEK.KZ