Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалы бірлесіп «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Өркендей бер, өр елім!» деген тақырыпта үздік прозалық туындыларға байқау жариялайды.
Байқаудың мақсаты — қазіргі Қазақстанның әдебиетін өркендетуге, рухани қазынасын байытуға жергілікті жазушылардың белсенділігін көтеру. Сондай-ақ, оларға қолдау көрсете отырып, егеменді еліміздің сан-салалы айшықты құндылықтарын шынайы дәріптеген танымдық-тағылымдық мән-мазмұны терең көркем шығармалар жазуына ынта-ықыластарын арттыру, жаңа әдеби дүниелерін таныту, халыққа насихаттау.
I.Байқауды өткізудің тәртібі мен мерзімі:
– Байқау үміткерлерінің жасына шектеу қойылмайды.
– Байқау 2021 жылдың 5-20 наурыз аралығында өткізіледі;
– Үміткерлерден туындылар байқау БАҚ-тарда жарияланған күннен бастап 2021 жылдың 20 науырызына дейін қабылданады;
– Қазылар алқасының шешімі түбегейлі болып табылады. Талқылауға жатпайды;
– Байқау қорытындысы 21-22 наурыз күндері шығарылады;
– Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 23 наурызда болады;
– Байқау жүлдегерлері шығармашылық бәйгеде алған орындарына қарай арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
II. Байқаудың талаптары:
– Байқауға 2019-2021 жылдары газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде, порталдарда тәуелсіздік тақырыбында жарияланған және жаңа жазылған көркем проза жанрындағы (повесть, әңгіме, драма) туындылар ұсынылады;
– Әрбір үміткер өзінің қалаған жанрында бір ғана шығармасын ұсына алады;
– Байқауға автордың басқа әдеби бәйгелерге ұсынылаған туындысы қабылданбайды;
– Жаңа жазылған немесе бұрынғы жарияланғандарынан қайта көшірілген шығарма А-4 форматында (шрифт Times New Roman, кегель 14) 1,5 жоларалық интервалмен терілуі керек және көлемі 30 беттен аспауы керек;
– Әдеби байқауға тек Шымкент қаласында тұрақты (тұратын) тіркелген үміткерлер қатысады;
– Қазылар алқасының мүшесі байқауға шығармасын ұсына алмайды.
IІІ. Жүлделі орындар және белгіленген ақшалай сыйлықтар:
– Бірінші орын – біреу – 500 (бес жүз) мың теңге.
– Екінші орын – біреу – 300 (үш жүз) мың теңге.
– Үшінші орын – біреу – 200 (екі жүз) мың теңге.
– Ынталандыру – үшеу – 100 (жүз) мың теңге.
Естеріңізге сала кететін жайт, үміткерлер шығармаларын төмендегі байқау үйлестірушісінің көрсетілген байланыс жүйелеріне жіберуі немесе қолына тапсыруы керек: эл.почта:zhienis1953@mail.ru, тел.: 87016575761.